×

Qazaq Jockey Club ұйымдастырған семинарда ирландиялық бапкер дәріс оқып жатыр

Алматы ипподромында биылдың алғашқы атшабысы өтеді

 Динара Амантай 30.04.2024 | 12:08
Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметі

Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен Qazaq Jockey Club Алматы ипподромында жокейлерге арнап семинар өткізіп жатыр. Осы маусымда алғаш рет ұйымдастырылған семинардың бапкері – ирландиялық чемпион-жокей Диклан Гиллеспи (Declan Gillespie).

28 сәуір мен 4 мамыр аралығында бір апта бойы өтетін семинарға еліміздің әр өңірінен келген 40 адам қатысып жатыр. Олардың басым бөлігі – жокейлер, бапкерлер мен атбегілер.

Диклан Гиллеспи (Declan Gillespie) – әйгілі ирландиялық жокей. 80-жылдардан бастап ол Ирландияда, Францияда, Дубайда, Сингапурде және басқа да елдердегі мыңнан астам жарыста жеңіске жетті. Ол жокей ретінде мансабын аяқтағаннан кейін атбегілікпен айналысып келеді. Жаттықтырушы ретінде де жемісті еңбек етіп жүр.

Бұл – ирландиялық тренердің Қазақстанға алғашқы сапары. Ол бұған дейін Сауд Арабиясы, Қатар, Сингапур, Корея сияқты әлемнің бірнеше елінде жұмыс істеп, арнайы семинар-тренингтер өткізген. Қазір Малайзияда тренер болып жұмыс істейді.

Жокейлікпен 16 жасымнан бастап айналысамын. Бірақ атқа бала күнімнен шабамын. Өзім фермада туып-өстім. 1 мамырда Алматыда басталатын атшабысты міндетті түрде тамашалаймын, – деді Диклан Гиллеспи (Declan Gillespie).

Ол Дубайда өткен беделді бәйгеде қазақстандық тұлпар – Кабирханның шабысын бақылағанын айтты.

Кабирхан – керемет тұлпар. Жарыс болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Дегенмен, Қазақстан үшін бұл – үлкен қадам. Сондықтан осы бағытты дамыта беру қажет. Кабирхан арқылы Қазақстанға есік ашылды деуге болады. Ал жерлестеріңіз Бауыржан Мырзабаев – әлемдік аренадағы өте мықты шабандоздардың бірі. Ол тек Еуропада ғана емес, Жапонияда да өнер көрсетіп жүр. Ал Жапониядағы атшабыстарға тек үздік жокейлер шақырылады, ол жақта өнер көрсету өте қиын, – деді ирландиялық жокей.

Еске сала кетсек, Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен Qazaq Jockey Club 2024 жылғы 1 мамырда Алматыдағы ипподромда биылдың алғашқы атшабысын өткізеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама