«Бесқонақ»: елімізде күн күрт суытады

Дәурен Ерболат

Көп жерде күн жауын-шашынды болады

Фото: Halyq Uni

Биыл 1-2 мамырда Қазақстанда күн күрт суытады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Ысмағұлова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

1-2 мамырда солтүстікте, шығыста, оңтүстік-шығыста және орталықта қатты жауын-шашын болады, түнде жаңбыр қарға ұласуы ықтимал. Еліміздің оңтүстік-шығысында найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін. Республика бойынша екпінді жел күшейеді. Түнде солтүстік-шығысқа тұман түседі деген болжам бар, - деді Алина Ысмағұлова ОКҚ-да өткен брифингте.

«Қазгидромет» РМК өкілі Қазақстанда ауа температурасы төмендейтінін жеткізді.

Солтүстік, шығыс және орталықта ауа температурасы күрт төмендейді. Күндіз ауа температурасы 0 және +5 градус жылы болады. Суық ауа температурасы біртіндеп оңтүстікке жылжиды. Онда түнде +2-7 градус жылы болады, - деді ол.

Сондай-ақ Алина Ысмағұлова өткен тәулікте ауа райының қолайсыздығына байланысты гидрологиялық ескерту жарияланғанын да атап өтті.

Биыл 30 сәуір-4 мамыр аралығында Шығыс Қазақстан облысында жауын-шашын болып, сел жүріп, өзендерде судың деңгейі көтерілуі мүмкін, - деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы.

Бұл ретте «Сәуір болмай тәуір болмас» деп болжайтын қазақ халқы дәл осы айдағы бірнеше күнді «бесқонақ» деп белгілеп қойған. Бұл күндері табиғат тосын мінез көрсетеді. Ауа райы бұзылып, қарлы жаңбыр немесе бірыңғай жауын жауады. Аяқ астынан күн суытып, қыс қайта оралғандай болады. Осыны білетін қазақ бұл шақты «өлара» деп әр кез сақ отырады. Алыс сапарға, жолға шықпайды. Малды тым ұзатып, өрістетіп жаймайды.

Бұрынғылар «бесқонақта» күн райы бұзылып, жаңбырлатып, қарлатса, жақсылыққа жорыған. Демек алдағы жаз жақсы болады. Егер «бесқонақ» тыныш өтсе, жаз айы жан мен малға жайлы бола қоймайды.

Сондай-ақ ай басында аспандағы ай жатып туса, демек сол ай суық болады. Биылғы сәуірде ай жатып туды. Мұндай кез табиғатпен бітеқайнасқан қазақ даналығында «Жарықтық, ай жамбастап алыпты, күн әзір жылымайды» деп болжанады.