Halyq Uni логотип
×

Биыл мүгедектігі бар 11,8 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды

Қазір Қазақстанда мүгедектігі бар 730,5 мың адам тұрады

 Динара Амантай 30.04.2024 | 10:00
Биыл мүгедектігі бар 11,8 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды
Фото: Halyq Uni

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шараларымен 11,8 мыңнан астам мүгедектігі бар адам қамтылды. Бүгінде барлығы ерекше қажеттіліктері бар 104,8 мың адам жұмыспен қамтылған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазір Қазақстанда мүгедектігі бар 730,5 мың адам тұрады. Ол – халықтың жалпы санының 3,6%-ы. Олардың 419,9 мыңы – еңбекке қабілетті жаста.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмысшылардың жалпы санының 2-ден 4%-ына дейінгі (жалдамалы жұмысшылардың жалпы саны кемінде 50 адам болған кезде) көлемде жұмыс орындарына квота белгілейді. Биылғы 3 айда квота шеңберінде мүгедектігі бар 3,9 мың адам жұмысқа орналасты.

Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылып жатыр. Мәселен, 1 сәуірдегі жағдай бойынша тұрақты жұмысқа 1,4 мың адам, жастар практикасына 95 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 421 адам, қоғамдық жұмыстарға 4,3 мың адам, «Күміс жас» жобасы бойынша 473 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 46 адам жұмысқа орналасты.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 12 адам, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 1,2 мың адам қамтылды.

Сондай-ақ 2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибені ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жарақтандыруға байланысты жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі енгізілді. 2023 жылы осындай 120 арнайы жұмыс орны құрылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама