Полиция жұрт көп жиналатын 1 800-ден аса нысанды тексерді
Меншік иелері қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауға тиіс
Ішкі істер министрлігі террористік тұрғыдан осал объектілерді тексеріп жатыр, деп хабарлады Polisia.kz.
Бүгінде тізімге террористік тұрғыдан осал санатқа жататын 17 мыңнан астам нысан енгізілді. Бұл жерлерге адамдар жиі барады.
Жыл басынан бері полиция 1 804 нысанды тексерген. Оның ішінде ойын-сауық орталықтары, ірі сауда және қоғамдық тамақтану орындары, білім беру ұйымдары бар. Тексеру нәтижесінде қауіпсіздік ережесін бұзудың 581 дерегі анықталды.
Кемшіліктер алғаш рет анықталған объектілердің басшылары мен меншік иелеріне оларды жою туралы нұсқама берілді.
Сондай-ақ сеніп тапсырылған объектінің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды бірнеше рет бұзғандарға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 149-бабы бойынша 180 әкімшілік хаттама толтырылып, 48 млн теңге айыппұл салынды.
Тексерулер тек кемшіліктерді анықтаумен ғана шектелмейді. Полиция мекеме персоналының, сондай-ақ күзет қызметінің төтенше жағдайлардағы іс-қимылдары туралы білімі мен дағдысының деңгейін анықтап, оларға сабақ өткізеді. Бүгінде 40 мыңға жуық қызметкерге түсіндіру жұмысы жүргізілді, - деп жазылған хабарламада.
ІІМ объектілердің басшылары мен меншік иелеріне қауіпсіздік ережесін сақтауға шақырады. Бұл қазақстандықтардың қауіпсіздігі үшін маңызды.