Halyq Uni логотип
×

Бауыржан Мырзабаев атындағы тұңғыш жокейлер мектебі ашылады (ВИДЕО)

Ол атқа деген құштарлығы бар балалар үшін тегін болады

 Халық үні 29.04.2024 | 18:24

Биыл күзде елімізде Бауыржан Мырзабаев атындағы тұңғыш жокейлер мектебі ашылады. Бұл туралы «Ұлттық спорт қауымдастығы» Youtube-арнасына берген ашық сұхбатында QAZAQ JOCKEY CLUB төрағасы Мақсат Ахаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, кәсіби жокейлерді даярлаудың ерекшелігін айтпағанда, мектепті ашу да оңай жұмыс емес. Ол үшін қажетті құрал-жабдықтар мен жаттықтыру заттарын арнайы шетелден алдыртады, ал бағасы арзан емес. Оның барлығы клуб мүшелерінің қолдауымен алынатын дүниелер екен.

Мектеп ашу үшін құрал-жабдықтары болуы керек. Жасанды ат, мысалы. Қасында тұрып, «міне, былай отырады, былай шабады» деп үйретеді. Біздің ондай құралымыз жоқ. Оның біреуі 50 мың еуро тұрады. Ең арзандары – 25 мың еуро. Майда-шүйдесін айтпағанның өзінде, тренажерлер керек. Сол заттардың бәрі толық алынған жоқ. Оның бәрі QAZAQ JOCKEY CLUB мүшелерінің қолдауымен алынады, - деді Мақсат Ахаев.

Ирландиялық Стив есімді зейнеткер шабандозды да клуб өкілдері алдыртқан. Ол қазір жокейлерді үйретіп, жеке-жеке лекция оқып жатқан көрінеді. «Ұтпаған бәйгесі қалмаған ұлы шабандоз» деп мақталады. Мектепте оқуға жылқыға қызыққандардың бәрінің мүмкіндігі бар. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі тұңғыш қазақ жокейі Бауыржан Мырзабаевтың өзі дәріс береді.

Бауыржан Мырзабаевтың өзімен келісіп қойғанбыз. Мектеп Алматыда, осы ипподромда ашылады. Бауыржан Мырзабаевтың өзі келіп, шеберлік дәрістерін өткізеді. 16 жастан жоғары, ақыл-есі толық, жылқы малына деген құлқы, құштарлығы бар балаларды алады. Тегін болады, - деді Мақсат Ахаев.

Сұхбат барысында шабандоздық пен бәйге туралы, олардың қыр-сыры мен қиындығы, саладағы мәселе де сөз болды. Толығырақ жоғарыдағы видеода.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама