×

Шерхан Мұртазаның қара шаңырағына абаттандыру жұмыстары жүргізілді

Сенбілік жұмыстарға зиялы қауым өкілдері, жастар және белсенділер жұмылдырылды

 Динара Амантай 29.04.2024 | 17:12
Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін Жамбыл облысы Жуалы ауданының Талапты ауылындағы Шерхан Мұртаза музейінде ауқымды сенбілік өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Шерхан Мұртаза көрнекті тұлға болып қалыптасқан кезінде де өзінің туған топырағынан қол үзген жоқ. 90-жылдардың орта шенінде Жуалы ауданына қарасты Талапты ауылынан арнайы үй салынып берген болатын. Талапты – жазушының туған ауылы. Екі қабатты, еңселі ғимарат қазір мұражайға айналған.

Акция аясында Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық музей-үйінің аумағына тазалық жұмыстары жүргізіліп, әктеу, сырлау жұмыстарымен қатар, қураған ағаштар кесілді.

Шерағаның шаңырағы – қазақ руханиятының құтты ордасы. Соны түсініп, бағалай білетін жастарға, аудан ақсақалдары мен басшылығына алғысым шексіз. Шерағаның шаңырағын ешқашан назардан тыс қалдырған емес, – деді жазушының немере інісі Әлижан Мұртаза.

Қазақ әдебиетінің қызыл жебесі Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық музей-үйінің аумағына жүргізілген сенбілік жұмыстарына зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, аналар алқаларының мүшелері, жастар және белсенділер жұмылдырылды.

Жалпы, Жуалы ауданында тазалық акциясына 5 мыңнан аса адам қатысып, «Жасыл аймақ» апталығында 3 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылды. Полигондарға 53 тонна қоқыс шығарылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама