Заңғар Нұрланұлы ITF Juniors J100 турнирінің жеңімпазы атанды

Дастан Жұмабекұлы

Бұл - теннисшінің биылғы алғашқы жеңісі

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Теннисші Заңғар Нұрланұлы Түркияның Измир қаласында өткен ITF Juniors J100 турнирінің жеңімпазы атанды.

15 жастағы теннисші финалда Түркияның жасөспірімдер арасында бірінші, осы жарыстың да бірінші ракеткасы болған Мелих Анаватанды тартысты матчта 3:6, 7:5, 6:2 есебімен жеңді.

Заңғар Нұрланұлы финалға дейін Түркияның тағы екі өкілінен айласын асырды.

Финалдық ойын өте тартысты болды. Бірінші сетте есе жібергеннен кейін екінші партияда да жақсы ойнадым. Нәтиже жаман емес. Биыл жекелей сында алғаш рет жеңіске жеттім, - деді Заңғар Нұрланұлы.

Бұл – Заңғар Нұрланұлының жекелей сында ITF Juniors жарыстарындағы үшінші жеңісі. Былтыр ол Армения мен Словакияда өткен ITF Juniors турнирінде үздік шыққан еді.