Елде тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникасы көп
Мәселені шешу үшін ұлттық орталық құру ұсынылды
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстанда тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникасы көп екенін, олар жаңармай жатқанын айтты, деп хабарлайды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Бүгін ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен жиын өтті.
Отырыста отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасау өндірісін дамыту мәселесі талқыланды.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, ауыл шаруашылығына қажет негізгі техникаларды жаңалау қарқыны талап етілетін технологиялық жаңарту көлемінің 12,5% есепке алғанда жылына 3,5% аспайды.
Министр машина-трактор паркін жаңалау деңгейінің төмендігі мен тозған техникалар санының көптігінен ескі машиналарды жұмысқа жарамды деңгейде ұстап тұру үлкен шығын алып келіп жатқанын жеткізді.
Жиын барысында қос тарап отандық ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласын табысты дамыту үшін Ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыру бойынша ведомствоаралық ғылыми-техникалық кеңес құруды ұсынды. Бұл кеңес ғылыми және конструкторлық ұйымдардың машина құрастыратын зауыттар мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен өзара ықпалдастығын үйлестіреді.
«Сонымен қатар Агроинженерия ғылыми-өндірістік орталығы базасында Ұлттық ауыл шаруашылығы машиналарын құрастыру орталығын құру ұсынылды. Орталықта егіншілік шаруашылығы мен мал шаруашылығы бойынша арнайы конструкторлық бюро жұмыс істемейді», - деп жазылған хабарламада.