Ақмола облысында қала әкімдігі 128 млн теңгені заңсыз жұмсамақ болған
Кінәлі лауазымды тұлға жауапқа тартылды
Ақмола облысының прокуратурасы 128 млн теңгеден астам сомаға заңсыз мемлекеттік сатып алудың алдын алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ақкөл аудандық прокуратурасы жергілікті атқарушы органдардың қызметінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң нормаларын сақтау бойынша талдау жүргізді.
Ақкөл қаласының әкімдігі заң талаптарын бұза отырып, С. Нұрмағамбетов атындағы саябақты абаттандыру жұмыстарын жалпы көлемі 128,3 млн теңгеге веб-порталда сатып алуға қатысты мемлекеттік сатып алу жоспарын бекіткен. Бұл сатып алу заңсыз «бір көзден», яғни бәсекелестік ортадан тыс, тікелей шарт жасасу арқылы жоспарланған.
Қадағалау актісімен жоғарыда көрсетілген сатып алудың күші жойылып, кінәлі лауазымды тұлға заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды.
Осылайша, Ақкөл ауданы прокуратурасының шараларымен 128,3 млн теңгеге заңсыз сатып алулардың алды алынды және басқа кәсіпкерлерге ашық конкурсқа бәсекелестік қолжетімділік қамтамасыз етілді.