Алматыда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің пайдаланылуы тексеріледі
Бұл жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі
Алматыда қала басшысы Ерболат Досаевтың қатысуымен тау бөктеріндегі құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындыларының ұсынымын орындау мәселелері бойынша Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қалада жалпы ауданы шамамен 3 мың 581 гектар болатын 2 мың 54 ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері бойынша 2 мың 777 меншік иесі бар.
Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару департаменті Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мақсатсыз пайдалану фактілерін анықтау үшін тексеру жүргізіп жатыр, — деді қала әкімінің орынбасары Асқар Амрин.
Бұл жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі.
Бұдан өзге мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне Іле-Алатау ұлттық табиғи паркі мен өзге де ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың нақты шекаралары бойынша деректер енгізілді.