Елімізде сұраныс қолма-қол долларға артып, рубльге мүлде азайған
Тұрғындар еуро сатып алуды азайтқан
Қазақстанда қолма-қол долларға сұраныс аздап өсіп, Ресей рубліне мүлде азайды, деп хабарлады Telegram-дағы Data Hub арнасы.
Биыл наурызда айырбастау пункттерінде сатылған және сатып алынған қолма-қол доллар көлемінің арасындағы айырмашылық – 158,5 млрд теңге. Бұл – ақпанмен салыстырғанда, нетто-сатылымға 5,5% немесе 8,3 млрд теңге артық.
Мұндай динамика көбінесе Алматының «арқасында» болып отыр. Сатылған және сатып алынған доллар көлемінің үштен бір бөлігі осы қалаға тиесілі – 55,3 млрд теңге. Бұл – өткен аймен салыстырғанда, 28,5% (12,3 млрд теңге) көп. Ал Астанадағы көрсеткіш 42,4% (5 млрд теңге), 6,7 млрд теңгеге дейін төмендеген.
Сондай-ақ еуроға таза сұраныс азайып жатыр. Ақпандағы көрсеткіш – 21,2 млрд теңге, ал осы айда – 19 млрд теңге. Солтүстік Қазақстан облысында (минус 666,8 млн теңге, 547,3 млн теңгеге дейін) және Алматыда (минус 577,2 млн теңге, 7,5 млрд теңгеге дейін) көрсеткіш айтарлықтай төмендеген.
Сонымен қатар рубльге таза сұраныс мүлде жоқ. Оның нетто-сатылымы 4 айда алғаш рет кері нәтиже көрсетті: минус 1,7 млрд теңге (ақпанда 3,4 млрд теңге). Жағдайға Астана (минус 3,2 млрд теңге) мен Алматыдағы (минус 964,2 млн теңге) көрсеткіш айтарлықтай әсер еткен.
Деректер Ұлттық банктен алынған.