Тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Әзербайжан Республикасында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері бас штабының бастығы, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов бірқатар кездесу өткізіп, қорғаныс ведомствосының қызметімен танысты.
Қорғаныс министрлігінің хабаралуынша, Бакуде қазақстандық делегация «Шейіттер аллеясы» мемориалдық кешеніне барды. Құрмет аллеясында әскери қызметшілер Әзербайжанның ұлт көшбасшысы Гейдар Әлиевтің қабіріне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов Әзербайжан Қорғаныс министрі, генерал-полковник Закир Гасановпен және оның бірінші орынбасары – ӘР Қарулы күштері бас штабының бастығы, генерал-полковник Керим Велиевпен кездесті.
Қонақтарды қарсы алған генерал-полковник З. Гасанов достық, бауырластық қарым-қатынастарға негізделген әскери ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, жолға қойылған байланыстарды кеңейту қажеттігін мәлімдеді. Өз кезегінде генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов те өзін жылы қабылдағаны және қонақжайлылығы үшін алғысын білдірді. Ол мұндай кездесулердің екі ел арасындағы әскери ынтымақтастықты дамытудағы маңыздылығын ерекше атап өтті, – делінген хабарламада.
Тараптар әскери, әскери-техникалық, әскери білім беру және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында Қазақстан делегациясы еліміздегі Әзербайжан Қарулы күштерінің әскери атташесі, полковник Заур Керімовке «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалін табыс етті.