Қос мемлекет мәдени ынтымақтастықты күшейтпек
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Моңғолияның Қазақстандағы елшісі Дорж Баярхуумен кездесті, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Аида Балаева ведомство мәдениет, ақпарат, дін саласы бойынша және мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара әрекет етуінің тиімді моделін құру, мемлекеттік жастар және отбасылық саясатты іске асыру, сондай-ақ этносаралық келісім саласында жұмыс істеліп жатқанын хабарлады.
Дорж Баярхуу Моңғолия үшін медиасферадағы ынтымақтастық ерекше қызығушылық тудыратынын жеткізді. Осыған байланысты, «Хабар» агенттігі және «Қазақпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі ірі моңғолиялық БАҚ-пен меморандумдарға қол қойды. Бірлесіп, деректі, көркем, анимациялық фильмдер, сериалдар шығару, сондай-ақ екі елдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге арналған экспедиция құру үшін ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Кездесу соңында тараптар мәдени-гуманитарлық салада бірлесіп жоспар дайындауға келісті. Оны іске асыру екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.