×

Қазақстан Ауғанстанға отандық автокөліктерді экспорттауға мүдделі

Вице-премьер 30 баланы еліміздің жазғы лагерьлерінде демалуға шақырды

 Динара Амантай 26.04.2024 | 17:08
Фото: primeminister.kz

Қазақстан делегациясының Ауғанстанға ресми сапары барысында қазақстандық 35 компания Кабулда өткен Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы мен көрмесінде өз өнімдері мен қызметтерін ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазақстан бизнес-делегациясының құрамында серіктестіктің жаңа бағыттарын құру үшін QarMet компанияларының, Doscar Group дилерлік орталығының (KIA, Chevrolet брендтері), Кентау трансформатор зауытының, Kaspy Group компаниялар тобының (металл конструкцияларын дайындау, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру) өкілдері, зертханалық сынақтарды, медициналық дәрі-дәрмек, май өнімдері, кондитерлік өнімдер, тоқыма және басқа да тауар өндіруші кәсіпкерлер келді.

Бизнес-форумның ашылуында премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Ауғанстан делегациясының Қазақстанға сапары қорытындысына сәйкес, екіжақты тауар айналымын 3 млрд долларға дейін арттыру міндеті қойылғанын еске салды.

Біз химия өнеркәсібіндегі, тау-кен металлургия кешеніндегі өндірісті бірлесіп дамытуды, Ауғанстан аумағында қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлау, IT-технологияр саласында, өндіру және өңдеу бойынша бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі өзара іс-қимылды қарастыруды ұсынамыз. Қазақстан тарапы Ауғанстанда автокөліктерге қызмет көрсететін дилерлік орталықтардың орналасу орнын кейін анықтай отырып, отандық өндірістің автомобильдерін жеткізуге мүдделі, – деді Серік Жұманғарин.

Екі елдің жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығы аясында Серік Жұманғарин Ауғанстан азаматтарына Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқуға берілетін гранттардың жыл сайынғы санын 30-дан 60-қа дейін арттыруды ұсынды. Сондай-ақ вице-премьер Ауғанстаннан келген 30 баланы Қазақстанның жазғы лагерьлерінде 10 күн демалуға шақырды.

Ауған кәсіпкерлерінің арасында қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс әлі де жоғары. Бизнес-форум қорытындысы бойынша 12 млн доллардан астам сомаға күнбағыс майы, дәнді дақылдар мен ұн жіберу туралы келісімдерге қол жеткізілді. Ауған компаниялары мотор майына үлкен қызығушылық танытып, отандық жеткізушілермен аталған тауарды жеткізуге алғашқы келісімшартқа қол қоюды жоспарлап отыр.

Айта кетсек, Герат қаласында (Ауғанстан) Қазақстан сауда үйі ресми түрде ашылып, өз жұмысын бастады. Сондай-ақ ол Қазақстан-Ауғанстан сауда-экономикалық қарым-қатынастарының жандануына ықпал ететін болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама