×

120 мың оқушы қашықтан білім алуға мәжбүр

Биыл 25 мамырда барлық мектепте соңғы қоңырау соғылады

 Дәурен Ерболат 26.04.2024 | 15:42
Фото: elements.envato.com

Су тасқыны салдарынан елімізде 120 мың оқушы қашықтан білім алуға мәжбүр болды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Нұрмұханова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, табиғи апат басталғалы бері 45 мыңға жуық бала эвакуцияланған.

120 мыңнан аса оқушы қашықтан оқуға көшірілді. Бұрын эвакуциялық пунктерде болған 5 мыңға жуық бала келесі нысандарда оқуды аяқтап жатыр. Мысалы, балаларды сауықтыру орталықтарына 600-ге жуық оқушы, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы жатақханаларға 2 мыңға жуық оқушы, республикалық маңызы бар мектеп-лицейлердің интернаттарына 600-ге жуық оқушы орналасты. Қосымша резерв ретінде балаларға 7 мың орын әзірленді, - деді Мереке Нұрмұханова ОКҚ-да өткен брифингте.

Сондай-ақ Ақтөбе, Атырау облыстарының барлық мектебінде, Солтүстік Қазақстан облысындағы тасқыннан зардап шеккен аудандарда бақылау жүргізу, БЖБ, ТЖБ алынып тасталған.

Ресми өкіл Қазақстандағы барлық мектепте соңғы қоңырау 25 мамырда соғылатынын атап өтті.

Су тасқынына байланысты және ата-аналар қауымдастығының ұсынысын ескеріп, биыл 25 мамырда оқу жылының аяқталуына орай, барлық мектепте бірыңғай сынып сағатын өткізу туралы шешім қабылданды. Онда сынып жетекшілері оқушылармен бірге өткен оқу жылының қорытындысын шығарады. Ал атестаттар тапсыру, «Алтын белгімен» марапаттау рәсімі емтихан аяқталғаннан кейін, яғни 12-15 маусым аралығында өтеді, - деді ресми өкіл.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама