Тасқыннан зардап шеккен диқандарды қолдауға 300 млрд теңге бөлінеді
Қаржы несие түрінде беріледі
Биыл «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі көктемгі егіс және егін жинау науқанын қаржыландыруды 300 млрд теңгеге арттырады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Холдинг мәліметінше, 300 млрд теңге агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдауға бөлінеді. Осылайша, «Бәйтерек» фермерлерді жеңілдікпен қаржыландырудың жаңа бағдарламасын іске қосады.
Алғаш рет «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аталған бағдарлама шеңберінде кепілмен қамтамасыз ету бойынша шектеулерге тап болған фермерлерге несиенің 85%-ына кепілдік береді. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін едәуір нығайтады және ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Осылайша, биыл «Бәйтерек» көктемгі егіс және егін жинау науқанын қаржыландыруды 440 млрд теңгеге жеткізеді.
Холдинг агроөнеркәсіптік кешенді қолдау үшін нарықтық ресурстарды барынша пайдаланып, нарық пен банктердің қаражатын айналымға белсенді түрде тартады.
Бағдарлама «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі егіс және егін жинау науқанын 1 жылға дейін соңғы қарыз алушы үшін жылдық 5% шартымен қаржыландыруды көздейді. Бұл биыл су тасқыны мен былтырғы құрғақшылық салдарынан қаржылық қиындықтарға тап болған фермерлерді қолдауға бағытталған, - деп жазылған хабарламада.
Биыл 29 сәуірден бастап жаңа бағдарлама іске қосылады. Ол холдингтің еншілес құрылымдары арқылы жүргізіледі.
Диқандар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның өңірдегі филиалдарына жүгіне алады немесе төмендегі телефондарға хабарласуға болады:
- 8 701 006 18 18;
- 5353 – call center.
Еске сала кетсек, бұған дейін сенатор Арман Өтеғұлов премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында тасқын болған өңірлердегі диқандардың дән егіп үлгермеуі мүмкін екенін айтқан болатын. Оның пікірінше, Үкімет шаруалардың мәселесін шешу үшін жедел әрекет етуі керек.