12 мыңнан астам отбасы мемлекеттік қолдауға ие болды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ауқымды су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу процесі жалғасып жатыр.
Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және республиканың басқа да бірқатар облысының тұрғындары арнайы құрылған өңірлік комиссияларға тиісті өтініштерін беріп жатыр. Бүгінде 21 мың 658 өтінім қабылданды.
Биылғы 26 сәуірдегі жағдай бойынша 12 642 отбасы 100 АЕК мөлшерінде 4,5 млрд-тан астам теңге көлемінде біржолғы төлем алды. Шығын болған мал басы үшін берілетін төлем көлемі 211,5 млн теңгеге жетті.
Бүгінде зардап шеккен өңірлерде 3 871 тұрғын үй тексеріліп, 2 230 нысанда бағалау жұмыстары жүргізілді. 468 үйде жөндеу жұмыстарын жүргізуге 645 млн-нан астам теңге қаражат бөлінді.
Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарында 49 отбасыға қираған баспаналарының орнына үйлер мен пәтерлер берілді.
Шығынды өтеу жұмыстары жалғасып жатыр және Үкіметтің қатаң бақылауына алынған. Президент тапсырмасы бойынша барлық зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі.