Halyq Uni логотип
×

Су тасқыны: Құлсарыда 3,5 мың тұрғынға 369 мың теңгеден төленді

Өңірдегі жағдай әлі күрделі

 Дәурен Ерболат 26.04.2024 | 12:42
Су тасқыны: Құлсарыда 3,5 мың тұрғынға 369 мың теңгеден төленді
Фото: ТЖМ

Атырау облысының Құлсары қаласында су тасқынынан зардап шеккен 3,5 мыңнан аса тұрғынға 369 мың теңгеден төленді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол табиғи апаттан кейін Жылыой ауданында қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Соңғы тәулікте 77 үйге жарық пен 150 үйге газ беріле бастады. 25 сәуірдегі мәліметке сәйкес, Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккен 3 591 адамға 100 АЕК (369 200 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) мөлшерінде бірыңғай әлеуметтік төлем төленді, - деді Руслан Жұмағазиев ОКҚ-да өткен брифингте.

Бүгінде ауданда 1,8 млн текше метр су сорылып шығарылған, 1 710 жер үйден су кері қайтқан. Сондай-ақ өткен тәулікте 100 үй мен 3 әлеуметтік нысан дезинфекцияланған.

Тұрғындардан шығынды өтеу бойынша 2 523 өтінім түсті. Тасқыннан кейін мүлікті бағалау жұмысына 40-тан аса маман тартылды, - деді баспасөз хатшысы.

Сонымен қатар Руслан Жұмағазиев Жайық өзеніндегі жағдай туралы айтты.

Атырау облысында тасқынға қарсы жұмыс жүргізіліп жатыр. 521 шақырым болатын бөгеттің 500 шақырымнан асатын бөлігі тұрғызылып, 4,7 млн қап төселді. Оған 15 мың адам тартылып, 1,5 мың техника жұмылдырылды. Алдағы 3-4 күнде бұл жұмыс толық аяқталады, - деді ол.

Бұған дейін Атырау облысында бөгеттердің нығайтылып жатқаны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама