Жетісу облысында сел жүруі ықтимал
Еліміздің шығысында қар жауып, батыста өрттің жоғары қаупі сақталады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Ысмағұлова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс бөлігіне оңтүстік циклон әсер етеді. Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты найзағай ойнап, жаңбыр жауады.
Шығыста түнде қар жауып, күндіз жауын-шашын болады. Оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда жауын-шашын, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста нөсер жаңбыр мен бұршақ жауады. Таулы аумақтарға да қара нөсер құяды. Елімізде жел күшейеді. Оңтүстікте, оңтүстік-шығыста қатты жел соғады. Батыста, солтүстікте жауын-шашынсыз ауа райы сақталады, - деді Алина Ысмағұлова ОКҚ-да өткен брифингте.
Сондай-ақ ол орталықта ауа температурасы төмендеп, батыста өрт қаупі болатынын атап өтті.
Ұлытау облысының шығысында түнде -2 градус аяз болады. Маңғыстау облысының басым бөлігінде және Қызылорда облысының орталығында, шығысында, батысында өрт қаупі жоғары болады, - деді баспасөз хатшысы.
Алина Ысмағұлова өткен тәулікте ауа райының қолайсыздығына байланысты гидрологиялық ескерту жарияланғанын жеткізді.
26-28 сәуір аралығында Жетісу облысының таулы аудандарында сел жүріп, өзендерде су деңгейінің көтерілу қаупі сақталады. Салдарынан өзендер арнасынан асып, жергілікті жолдар мен елді мекендерді су басуы мүмкін, - деді ол.
Бұған дейін Атырауда тасқын қаупі бары хабарланған еді.