«Жайық өзенінде судың деңгейі көтерілді». Атырауда бөгеттер нығайтылып жатыр
Су тасқынына қарсы 25 мыңнан аса адам жұмылдырылған
Бүгінде Жайық өзенінде судың деңгейі көтеріліп, Атырау қаласында бөгеттер нығайтылып жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдай министрлігінің өкілі Асқар Шәріп айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, азаматтық қорғау қызметі Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында тасқын салдарын жойып, халыққа көмектесіп жатыр.
Батыс Қазақстан облысында су деңгейі тұрақталуда. Өзен аумағында мониториг жүргізіліп жатыр. Ал төтенше жағдайлар және полиция департаментінің қызметкерлері бірлесіп, су басқан аумақтарда патрульдеу жұмысын жүргізуде. Сонымен қатар Жайық өзенінің бойындағы елді мекендерде су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізу үшін Ақтөбе, Түркістан облыстарының ТЖД күштері Батыс Қазақстан және Атырау облыстарына жіберілді, - деді Асқар Шәріп ОКҚ-да өткен брифингте.
Ол Атырау облысында жағдай күрделі екенін жеткізді.
Атырау облысының Жайық өзенінде су деңгейінің көтерілгені байқалады. Су тасқынынан қорғау үшін Атырау қаласындағы бөгеттерді нығайту жұмысы үздіксіз жүргізіліп жатыр. Бүгінде ұзындығы 240 шақырым болатын бөгеттер нығайтылуда, - деді ТЖМ өкілі.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан және Атырау, Ақтөбе облыстарында 6 мың 82 тұрғын үй мен 2 584 аулада су сорылған.
Еліміз бойынша 35 122 адам өз үйіне оралды, 8 520 адам эвакуациялау пунктеріне орналастырылды. Су тасқынына қарсы 25 мыңнан аса адам, 3 мың техника, 634 су сору құралы, 268 жүзу құралы және 14 әуе кемесі жұмылдырылды, - деді Асқар Шәріп.