×

«Уақыт сұрады деп ойлаймын». Авиация маманы министр сүйіншілеген жаңалықты «баянсыз» деп есептейді

Индустрия министрі қазақстандық әуе компаниялардың Еуропаның «қара тізіміне» енбейтінін мәлімдеді

 Айнұр Шошаева 02.06.2022 | 15:31
Фото: Қайырбек Өскенбаев, Абыл Кекілбаев

Қазақстанның әуе компаниялары Еуропаның «қара тізімінен» аман қалды деп қуануға әлі ерте. Авиация саласындағы сарапшы Абыл Кекілбаевтың пікрінше, Азаматтық авиация әкімшілігі әуе қауіпсіздігін дәлелдей алмаса, ол тізімге әлі де кіруі мүмкін.

Еске сала кетейік, 1 маусымда Еуропалық комиссияның ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитеті Қазақстанның авиациялық билігі мен қазақстандық әуе тасымалдаушылардың Еуропаға ұшуына қатысты ресми шешімін жариялаған болатын. Онда Еуропаның 27 мемлекеті қазақстандық әуе компанияларға шектеу қоймайтыны туралы айтылды. Осыдан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қазақстандық әуе компаниялар Еуропаның «қара тізіміне» енбейтінін мәлімдеді.

«Еуропалық сарапшылар Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігі саласында қалыптасқан ахуал мен осы тұрғыда соңғы 3 жылда ел үкіметі тарапынан қабылданған шараларды оң бағалады. Әрине, біз бұны үлкен жетістік деп санаймыз. Оған себеп те жоқ емес. Еуропа мамандары тарапынан оң баға алу үшін көп күш-жігер жұмсалып, кешенді жұмыстар қолға алынды», – деді Қайырбек Өскенбаев.

Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) Орталық хатшылығында жұмыс істеген алғашқы және әзірге жалғыз қазақ, авиация сарапшысы Абыл Кекілбаев Қазақстан әуе компанияларының «қара тізімге» қазір енбегенімен, қауіп әлі де сейілмегенін айтты. Өйткені Еуропа тарапы қойып отырған талаптардың көбі Қазақстанда әлі шешімін таппаған.

«Көтерілген күрделі мәселелердің көбісі әлі шешілген жоқ. Тіпті, шешу жолдары жазылмаған. Тізімде көп мәселе бар, соның ішінде Азаматтық авиация әкімшілігінің қаржыландыру мәселесі, ұшу жарамдылығы, эксплуатация мәселесі шешімін таппады. Оны Қазақстанның ресми өкілдері барып, өзінің іс-шара жоспарын таныстырғанда түсіндіріп, уақыт сұрап алды деп ойлаймын», - деді ол.

Сондай-ақ сарапшы Үкімет жоспарлаған іс-шараларды орындау үшін қолданыстағы бірқатар заңнамаға өзгерістер ензігу қажеттігін атап өтті.

Бір жылдың ішінде біте қоятын дүние емес. Себебі өте көп заң мен актілерге өзгерістер енгізу қажет. Оның барлығы уақыт алады. Еурокомиссия мұны түсінгеннен кейін Қазақстан бойынша шешімді кейінге қалдырды деп ойлаймын, - деп толықтырды сарапшы.

ЕуроОдақ қабылдаған әуе кодексінде «қара тізім» бір жылда екі-үш рет жаңартылуы мүмкін екені жазылған. Оған Еурокомиссия тарапынан туындаған қажеттілік немесе одаққа мүше мемлекеттердің өтініші негіз бола алады. Сондай-ақ төтенше жағдайларда арнайы шара қолданылады.

«Өткенде Ресей мен Украина арасындағы жағдайды алайық. Сол сияқты пандемия кезінде кейбір мемлекеттердің жағдайына байланысты қаралды. Брюссельде жиналып, мемлекеттер тексерістен өткеннен кейін жағдай түзелді ме, жоқ па соны қарап, тізім қайта қарастырылады. «Қара тізімге» енбеу деген елдің азаматтық авиация саласының даму көрсеткішін білдіреді. Яғни, авиация саласындағы кемшіліктер жойылып, даму дұрыс жолға қойылғанын көрсетеді. Алайда кейбір мемлекеттер сол тізімде қала бергенді дұрыс көреді. Мысалы, Армения мен Қырғызстан «қара тізімде» бар және одан шығуға тырысып жатқан жоқ. Биыл санкциядан кейін Ресейдің 27 әуе компаниясы сол тізімге кірді», - деді Абыл Кекілбаев.

Абыл Кекілбаевтың айтуынша, аталған тізімге ену қарапайым қазақстандықтар үшін қауіп тудырмайды. Алайда компаниялар үшін бірқатар қиындық туғызуы мүмкін.

«Негізі бізге ол тізімнен қорқудың қажеті жоқ. «Қара тізімге» кіріп-шығып жүрген елдер көп. Ондай тәжірибе бар. «Қара тізім» тек жолаушыларымызға әрі-бері ұшу кезінде кедергі туғызуы мүмкін. Мәселен, Air Astana компаниясы біраз уақыт «сұр тізімде» болды. Бірақ Еуропаға ұшуын тоқтатқан жоқ, тек рейстер санын көбейте алмай қалды. Авиация саласының маманы болған соң біз бұл мәселеге көп мән береміз, ал қарапайым жолаушыға аса әсер ете қоймайды. Қазақстанда Air Astana-дан бөлек шетелге ұша алатын әуе кемелері бар авиакомпания жоқ. Әзірге ол компанияға Еурокомиссия тарапынан сұрақ жоқ», - деп түсіндірді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама