×

Банк филиалының директоры мен кассирі 250 млн теңге жымқырған

Сотта олар өз кінәсін мойындады

 Динара Амантай 25.04.2024 | 17:16
Фото: Ақмола обл. сотының баспасөз қызметі

Ақмола облысында Степногорск қаласындағы екінші деңгейдегі банк бөлімшесінің директоры кассирмен сөз байласып, аса ірі көлемде ақша жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, 2022 жылғы қараша-желтоқсан айлары ішінде кассирдің нұсқауы бойынша 1 млн, 3 млн, 8 млн теңгені банктің қоймасынан алып, директорға тұрақты түрде беріп отырған. Сотталушы ақшаға арналған пакеттер мен сөмкені кассирге алдын ала дайындап беріп, содан кейін ақшаны банк ғимаратынан шығарып отырған.

Тексеру актісі көрсеткендей, банк бөлімшесінде жетіспеушілік сомасы 255 млн теңгеден асқан.

Сотталушылардың кінәсі тексеру актісімен, аудиторлық есеппен, ақшаның жетіспеуі туралы сараптама қорытындысымен, куәгерлердің айғақтарымен, сотталушылардың өздері мойындаған айғақтарымен, банктің бейнебақылау камераларынан жазбалармен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Осылайша, Ш. және К. сөз байласып, қызметтік бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде жымқыру (ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) жасады. Жаза тағайындауда сот, Ш.-ның өз кінәсін мойындағаны, К.-нің жасы мен оң сипаттағы мінездемесін жеңілдететін жағдайлар деп және ауырлататын жағдайлардың болмауын есепке алды. Сот үкімімен Ш. және К. әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сотталушылар ұйымдар мен мекемелерде 5 жылға материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды, – делінген сот хабарламасында.

Келтірілген залалды өндіріп алу бөлігінде жәбірленушіге сотқа азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жүгіну құқығы түсіндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама