Алматыда қазір қанша заңсыз құрылыс нысаны бұзылғаны айтылды
Бизнес-орталықтар, мейрамханалар, жапсарма құрылыс пен автосервистер, ірі тұрғын үй кешендері бұзылған
Мегаполисте қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша таулы аймақтағы құрылысқа бақылауды күшейту жалғасып жатқаны айтылды.
Алматы қала құрылысын бақылау басқармасы жыл басынан бері қаланың құрылыс нысандарында 377 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заңбұзушылықтарды жоюға 211 ұйғарым берді. 2023 жылы 1074 тексеру жүргізіліп, 634 нұсқама берілді, - делінген хабарламада.
Ведомство былтырдан бастап сотқа құрылыс нормаларын бұзғаны үшін 206 талап арыз жіберілгенін хабарлады. Оның 100-і бойынша талқылаулар жалғасып жатыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін қала әкімі Ерболат Досаев таулы жерде заңсыз құрылысты бақылауды күшейтуді тапсырған болатын. Сотқа заңсыз нысандар бойынша 45 талап арыз берілген. Соның 36-сы бойынша басқарманың талап арызы қанағаттандырылды.
Жалпы қала бойынша талап қою қызметінің нәтижелері бойынша былтырдан бастап 28 заңсыз нысан, оның ішінде бизнес-орталықтар, мейрамханалар, жапсарма құрылыс пен автосервистер, сондай-ақ «Мечта» мен KHAN сияқты ірі тұрғын үй кешендері бұзылды, - делінген хабарламада.
Бұдан өзге, қала басшысының бастамасымен заңнамаға инспекциялау шеңберінде құрылыс жұмысын тоқтата тұру мүмкіндігімен құрылыс кезінде бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге мүмкіндік беретін «жедел ден қою шарасы» жаңа бақылау тетігін енгізу бойынша түзетулер енгізіледі.