Halyq Uni логотип
×

Сын сағатта жұрт болып жұмылдық – президент

ҚХА-ның ХХХІІІ сессиясы басталды

 Динара Амантай 25.04.2024 | 11:25
Сын сағатта жұрт болып жұмылдық – президент
Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан азаматтарға шексіз ризашылығын білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Баршаңыз куә болып отырсыздар, қазір әлемде түрлі табиғат апаты көбейіп барады. Қазақстан да үлкен қатерге тап болды. Еліміздің көптеген аймағында алапат су тасқыны болып жатыр. Біз үшін ең басты мақсат – азаматтардың амандығы. Соған сай Үкімет барлық қажетті іс-әрекетті жасап жатыр, тиісті қаражат бөлінді, ірі компаниялар мен бизнес өкілдері қол ұшын беріп жатыр. Осыған дейін де айттым, жойқын су тасқынынан бұзылған үйлерді қалпына келтіру, зардап шеккен тұрғындардың қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз ету – дәл қазір президент ретінде менің алдымда тұрған аса маңызды міндет. Сондықтан мен елімізде бұрын жоспарланған халықаралық іс-шараларды қысқарту туралы нақты тапсырма бердім, – деді мемлекет басшысы.

Президент мемлекеттің өте ауыр сынаққа тап болғанын атап өтті.

Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді. Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созды. Бір-біріне шынайы жанашыр болды. Мен қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын. Біз сын сағатта жұрт болып жұмылдық. Үкімет, мемлекеттік органдар, құзырлы мекемелер және еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 45 мыңға жуығы – бала. Ең бастысы, біз адам өмірін барынша сақтап қалдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ ол жағдайды бақылауда ұстау үшін бірқатар аймақта болып, тұрғындармен арнайы кездескенін жеткізді.

Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар апат салдарын жоюға бар күшін жұмсап жатыр. Жағдайдың одан әрі ушығып кетпеуі – басты назарда. Құтқарушылар күндіз-түні жұмыс істеп жүр. Ұлттық ұлан, Ішкі істер министрлігі, Қарулы Күштер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы да белсене атсалысып жатыр. Менің тапсырмаммен мемлекеттік материалдық резервті пайдалануға рұқсат берілді. Республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Қоғам белсенділері және волонтерлер гуманитарлық көмек жинауды қолға алды. Халқымыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы кезде айқын көрінді.

Бірқатар аймақ инфрақұрылымды және бүлінген үйлерді қалпына келтіруге кірісіп кетті. Бұл шаруаға ірі бизнес өкілдері қосылды. Қоғам белсенділері де зор үлес қосып жатыр. Еліміздегі компаниялар, жеке кәсіпкерлер түрлі көмек қорларына қомақты қаржы аударды. Қаражат күн сайын түсіп жатыр, көмек қоры ұлғаяды деп сенемін. Кәсіпкерлерге зор алғыс айтамын. Болашақта да халқымыздың игілігі үшін бірге жұмыс істейміз деп сенемін, – деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама