Тұрғындар сақ болуға тиіс
Биыл 24-28 сәуір аралығында Алматыда толассыз жаңбыр жауады, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жауын-шашын кезінде мотопомпа, шанц құралдарымен жабдықталған 52 мобильді бригада кезекшілікке шығады, 2,5 мың қап құм дайындалады.
Күндіз 465 арнайы техника, 28 мотопомпа және 810 маман, ал түнде 236 арнайы техника және 215 маман жұмыс істейді.
Судың кедергісіз ағып кетуін қамтамасыз етіп, су басуды болдырмау үшін 320 жұмысшы мен 92 арнайы техника арық желілерін, өткелдерін тазалайды.
Күн сайын арықтан 250 текше метр лай және кездейсоқ қоқыс шығарылады.
Алматы тұрғындары сақ болуға тиіс.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілер автокөліктерін жол жиегіне қоймауға тиіс. Себебі ағаштар құлап, электр желілері үзіледі деген қауіп бар. Қала тұрғындары мен қонақтары тауға бармауға тиіс. Су тасқынының алдын алу үшін тұрғындардан арық пен каналды қоқысқа толтырмауға шақырамыз, - деп жазылған хабарламада.