Елімізге Дэвид Кэмерон келді

Дастан Жұмабекұлы

2022 жылы Ұлыбритания Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция құйған 6 мемлекеттің бірі болды

Фото: видеодан кадр

Елімізге Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия құрама корольдігінің Сыртқы істер, достастық және халықаралық даму министрі Дэвид Кэмерон ресми сапармен келді.

Ол Астанада премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен кездеседі. Кездесуде екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтыстықты нығайту мәселелері талқыланады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге аймақтық және халықарлық қарым-қатынастағы күн тәртібіндегі мәселелер қаралады.

Айта кетсек, Дэвид Кэмерон 2010-2016 жылдары Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия құрама корольдігінің премьер-министрі болған. 2023 жылдың 13 қарашасынан бері Сыртқы істер, достастық және халықаралық даму министрі.

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 19 қаңтарда орнаған. Ал 2022 жылы Ұлыбритания Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция құйған 6 мемлекеттің бірі болды.