Мектеп оқулығында мемлекеттік ту авторының тегі қате жазылған – Мәжіліс

Ербол Тұрымбет

Депутат Білім және ғылым вице-министрінің жауабына қанағаттанбай отыр

Фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген мектеп оқулықтарында нақты қандай қате жіберілгенін атап, Білім және ғылым министрлігіне қайта депутаттық сауал жолдады.

Депутаттың мәліметінше, 2019 жылы «Алматы» кітап баспасынан 260 мың тиражбен шыққан оқулықта мемлекеттік рәміздер авторларының аты-жөнінде өрескел қателіктер бар екен. Мәселен, мемлекеттік тудың авторы Шакен Ниязбековтің тегі Ниязбаев деп жазылған.

Кейінгі екі жылда 40 мың таралымда бұл қателік түзетілсе де, мемлекеттік әнұран авторларының бірі − атақты композитор Шәмші Қалдаяқов мүлдем енбей қалған. Міне, осы мәселені көтеріп жазған депутаттық сауалымызға Білім және ғылым бірінші вице-министрінен келген жауапқа қанағаттанбаймыз. Олар жауапта министрліктің атқарып отырған жұмысын жіпке тізіп шыққан, − дейді депутат.

Еске салайық, былтыр 2 қарашада Мәжіліс депутаттары қазақ мектептерінің 4-сыныпқа арналған орыс тілі оқулығында кеткен қателіктер туралы айтып, вице-премьер Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдаған. Алайда, жауапты ведомство депутаттардың сауалына нақты жауап бере алмаған.