Қылмыстық кодестің 4 бабына өзгеріс енгізіледі
Бүгін Мәжілісте кейбір экономикалық қылмыстарға жазаны жеңілдетуді көздейтін заң жобасы таныстырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық құқықбұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстаның Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын депутат Абзал Құспан таныстырды.
Барлық өзгеріс еліміздің экономикалық дамуын тікелей қолдау үшін және президенттің тапсырмасын іске асыру үшін әзірленді. Заң аясында 5 бапқа өзгеріс енгізіледі: Қылмыстық-процестік кодекстің 1 бабына, Қылмыстық кодекстің 4 бабына. (Қылмыстық кодекстегі) 2 бап толық қылмыссыздандырылып, екеуі ішінара қылмыссыздандырылады, - деді депутат.
Қылмыс санатынан алынатын баптың бірі – Қылмыстық кодекстің 219-бабы («Кредиттi заңсыз алу немесе бюджет кредитін мақсатсыз пайдалану»).
Қылмыссыздандыру себебіне тоқталайын. Қылмыстық кодекстің 189 («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») және 190 («Алаяқтық») баптары бойынша саралануы мүмкін. Осыған ұқсас әрекет үшін жауапкершілік Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 233-бабымен («Қазақстанның заңнамасын бұза отырып, кредит, қарыз алу не оларды пайдалану, мемлекеттік сыртқы қарыз қаражатының қарыз шартында белгіленген мерзімде игерілмеуі») көзделген, - деді Абзал Құспан.
Толық қылмыс санатынан алынатын келесі бап – Қылмыстық кодекстің 241-бабы («Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу»).
Қылмыссыздандыру себебін айтайын. Қылмыстық жауаптылық Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 239-бабында көзделген әкімшілік жауаптылықтан бірнеше есе жеңіл болғандықтан, нормаларды әкімшілік жауапкершілік дәрежесіне ауыстыру арқылы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 239-бабының 6-бөлігімен толықтырылады, - деді депутат.
Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 234 («Экономикалық контрабанда») және 236 («Кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару») баптары ішінара қылмыссыздандырылып, олар кедендік құқықбұзушылықтарға қатысты болды.
Заң жобалары әлі талқыланады.