Мемлекеттік қызметшілердің жалақысы көтерілуі мүмкін
Қазір мемлекеттік қызметте жақсы кадрлардың ауысуы жиіледі
Бүгін Сенатта өңірлердің бюджеттік дербестігі тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеруге қатысты ұсыныс айтты.
«Маңызды мәселелердің бірі жергілікті атқарушы органдар мен ревизиялық комиссиялардағы мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарына жалақы деңгейінің төмендігіне қатысты. Статистикаға қарағанда, Қарағанды облысында 2023 жылдағы орташа жалақы 367 мың теңгені, ал Қазақстан бойынша 394 мың теңгені құрады. Бұл ретте, облысымыздағы ірі кәсіпорындарда мықты мамандар 800 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін табыс алады. Аудандық деңгейдегі А блогындағы бас маманның лауазымдық жалақысы еңбек өтіліне қарай ең көп дегенде 260 мың теңге, облыстық деңгейде 302 мың теңге шамасында. Соңғы рет қызметкерлердің лауазымдық жалақысын көтеру 2021 жылдың 1 шілдесінде жүзеге асырылды», - деді Е. Алпысов.
Оның айтуынша, қазір мемлекеттік қызметте жақсы кадрлардың ауысуы жиіледі. Адамдар тәжірибе жинақтап, жалақысы жоғары жұмысқа кетіп жатыр.
«Біз жалақыны кем дегенде еліміздегі орташа айлық (394 мың теңге) деңгейіне дейін жеткізу мәселесін қарастыруды ұсынып отырмыз. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалау нәтижелері бойынша бонус мөлшерін екі жалақыдан төрт жалақыға дейін арттыруды ұсындық», - деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары.