Су тасқыны: Ақтөбе облысында 2 мыңға жуық адам өтемақы алды
Қазір жағалауды судан қорғау үшін бекіністер салынып жатыр
Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында су тасқынына қарсы шаралар атқарылып жатыр. Өңірде 81 үйді су басқан еді. Қазір жағалауды судан қорғау үшін бекіністер тұрғызылуда.
Белшер кентіде 90 қап төселіп, 30 тонна инертті материал әкелінді. Құйылыс ауылында 150-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. 9 техника тартылған. 310 қап төселіп, 110 тонна инертті материал әкелінді.
Жайсаңбай ауылы бойынша 125 адам, 6 техника тартылған. 290 дана қап төселіп, 110 тонна инертті материал жеткізілді, – деді Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбағда Көбеева.
Ауданға гуманитарлық көмек ретінде азық-түлік, дәрі-дәрмек, төсек-орын, барлық қажетті зат апарылды. Облыс бойынша су тасқынынан зардап шеккен 1 966 азамат бір реттік әлеуметтік төлем алды. Төлем сомасы 638 млн 862 мың теңге болды. Сонымен қатар, бүлінген мүлік, жасалатын жөндеу жұмыстарына да ақша беріліп жатыр.