Life is good қаржы пирамидасы құрылымдық бөлімшесінің басшысы сотталды

Динара Амантай

Жаза тағайындау кезінде сот оның кәмелетке толмаған балаларының барын ескерді

Фото: Depositphotos

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлады Halyq uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, 2019 жылы сотталушы жеке тұлғалардың ақшасын кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, кіріс алу мақсатында Hermes Ltd өнімі бойынша Life is good қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған. Ол бағдарлама салымшыларынан қаражат тарту мақсатында ай сайын салымшыларға сыйақы беруге уәде берген. Осылайша, сотталушы жалпы көлемі 158 млн теңгеден асатын 17 азаматтың қаражатын тартты.

Сот азаматтың кәмелетке толмаған балаларының барын, кінәсін мойындауын, шын өкінуін және қылмыстық құқықбұзушылық салдарынан келтірілген мүліктік залалдың ерікті түрде өтелуін қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.

Айыпталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтарымен, заттарды тексеру хаттамасымен, банктің үзінді көшірмелерімен және маманның қорытындысымен дәлелденді.

Жеңілдететін жағдайларды ескере отырып, сот ҚР ҚК-нің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша Т.-ны кінәлі деп таныды және 5 жыл мерзімге азаматтардың қаражаты мен инвестицияларды тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. ҚР ҚК-нің 63-бабы негізінде тағайындалған жаза 5 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгілей отырып, шартты деп танылды, – делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.