Күдікті әйелдің үстінен сотқа дейінгі тергеу басталып, екі айға қамауға алынды
Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарамұрт ауылында 49 жастағы әйел күйеуін өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Отасқандарына 30 жыл болған ер мен әйелдің арасында төрт перзенті бар. Екі ұлы мен екі қызы да кәмелет жасына толған, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Оқиға 12 сәуір күні марқұм мен күдіктінің үйінде болған. Туыстарының сөзінше, ер адам мүмкіндігі шектеулі ұлына қол көтеріп, оған әйел араша түскен. Сөйтіп, күйеуін қылқындырған әйелі оны өлтіріп қойды деген күдікпен қамауға алынды. Қайғылы оқиғадан ауыл-аймақтың бәрі де хабардар.
Көрші- қолаңның сөзінше, бұл отбасындағы алғашқы жанжал емес. Төрт баланың анасы оған дейін де күйеуінің соққысынан қашып, көршілердің үйіне тығылған дейді. Ал ер адам алкогольге үйір екен.
«Спирттік ішімдікке тойған әкемізден біз де талай рет қашқанбыз. Бірде есіктен, бірде терезеден. Әкеміздің озбырлығынан құтылу үшін әпкелерім тұрмысқа ерте шығып кетті. Мен де мектепті аяқтай сала шетелге оқуға түстім. Бірақ анам әкемізді бірде арықтан, бірде жолдан тауып алғанын айтып хабарласып жүрді. Оқудан демалысқа келгенім сол еді жағдай тағы қайталанды. Мен ол кезде үйде ән тыңдап жатқанмын. Сөйтсем, далада жанжал болып жатыр екен», – дейді ұлы.
Учаскелік полицияның айтуынша, күйеуін өлтірді деген күдікті 2019 жылы қорғауға алынған. Одан кейін полицияға шағым түспепті. Алайда ұзақ үнсіздіктің соңы қайғылы жағдаймен аяқталды.
«Мұндай қайғыны ешкімнің басына бермесін. Бұл отбасымен 20 жылдан бері көршіміз. Әйелі сондай жақсы. Жұмысына таңертең кетіп, кешке бір-ақ келеді. Ал күйеуі көбіне мас болып жүреді. Көрген сайын «қой» дейтінмін. Балалары кішкентай кезінде ұрыс-жанжал өте көп болатын. Кейін саябырсыды. Сөйтсек, әйелі бәрін ішіне жұтып жүрген сияқты ғой», – дейді отбасының көршілері.
Күдікті әйелдің үстінен сотқа дейінгі тергеу басталып, екі айға қамауға алынды. Ал алғашында оған кешірім бердік деген қайын жұрты кейін ойынан айнып қалған. Ол бұл іске үшінші адамның қатысы бар деп ойлайды.
«Біздіңше ағамызды әйелдің бір өзі өлтірген жоқ. Бұл жерде тағы бір адам бар. Бәрін айтып, қылмысқа көмектескен. Біздің ағамыз өлді. Иә, жеңгем. Бірақ әркім өз жазасын алуы керек», – дейді марқұмның туыстары.
Ал күдіктінің жақындары құдаларының бұл ойымен келіспейді.
«Сіңлім осы күнге дейін көрмегенді көрді. Бірақ «ұят болады» деп шыдап келдік. Шыдамның шегі жеткен сияқты. Оны ақтамаймын. Бұл – ауыр жағдай. Бірақ ол адамды тектен-текке өлтірді дегенге сенбеймін. Өзін-өзі қорғап абайсызда жасаған деп топшылаймын. Бала-шағасын өсіріп, енді ғана өзіне келді ме дегенде отбасының осылай ойран боларын кім білген?», – дейді күдікті әйелдің әпкесі.