Мамырда қай өңірлерде қуаңшылық болатыны болжанды
Жауын-шашынның тапшылығы мен ауа температурасының жоғарлауы ықтимал
«Қазгидромет» РМК аргометеорологиялық болжам басқармасының басшысы Қамар Сәлиева биыл мамырда еліміздің оңтүстігіне қуаңшылық қаупі төніп тұрғанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қызылорда облысының Қармақшы ауданында атмосфералық құрғақшылық болады. Мұнда жауын-шашынның тапшылығы мен ауа температурасының жоғарлауы болжанады, - деді Қамар Салиева Астанада өткен брифингте.
Оның айтуынша, 2024 жылғы мамырда Қостанай облысының Қарасу ауданында, БҚО-ның Бурлин, Сырым және Қаратөбе аудандарында, Павлодар облысының Ертіс және Успенка аудандарында, Павлодар қаласында ауа райы ылғалды болады.
Елдің қалған аймақтарында ылғалдану нормаға жуық болады. Алдын ала болжам әлі нақтыланады, - деді ол.
Сонымен қатар бірқалыпты ылғал мына өңірлерде сақталады:
- Солтүстік Қазақстан облысы
Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар;
- Қостанай облысы
Қарабалық, Сарыкөл, Қарасу, Әулиекөл және Бейімбет Майлин атындағы аудандар;
- Ақмола облысы
Зеренді, Сандықтау, Атбасар, Ақкөл, Жарқайың, Астрахан және Шортанды аудандары;
- Павлодар облысы
Ақтоғай, Ертіс, Железинка, Қашыр, Успенка, Шарбақты және Май аудандары;
- Батыс Қазақстан облысы
Қазталов, Жәнібек, Тасқала, Ақжайық, Жаңақала аудандары және Орал қаласы;
- Ақтөбе облысы
Әйтеке би, Байғанин, Қарғалы, Мұғалжар, Ырғыз, Ойыл аудандары және Ақтөбе қаласы;
- Атырау облысы
Құрманғазы, Махамбет, Қызылқоға аудандары және Атырау қаласы;
- Маңғыстау облысы
Бейнеу және Маңғыстау аудандары;
- Қарағанды облысы
Ақтоғай ауданы;
- Шығыс Қазақстан облысы
Глубокое, Самара, Катонқарағай, Күршім және Алтай аудандары;
- Түркістан облысы
Қазығұрт және Қаратау аудандары.
Айта кетейік, ауа райы болжамы agrodata.kz мобильді қосымшасында және «Қазгидромет» ресми сайтында жарияланады.