Жыл басынан бері 840 мыңға жуық адам әлеуметтік төлем алды
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 215,2 млрд теңге төленді
Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 840 мыңға жуық адам 215,2 млрд теңге әлеуметтік төлем алды, деп хабарлады Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі.
Еңбекке қабілеттіліктен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады.
1 сәуірдегі жағдай бойынша 11,5 млрд теңге төлемді 90 мыңнан астам адам алған. Бұл – былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, 31% артық. Белгіленген төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 57 346 теңге болды.
Асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының асырауында болған адамдарға бюджет қаражаты есебінен төленетін асыраушысынан айырылуы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақысына қосымша тағайындалады. МӘСҚ-тен төлем асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысанында оқыған жағдайда 23 жасқа дейін төленеді.
Есепті кезеңде көрсетілген төлемді асыраушысынан айырылған 61,2 мың отбасы 8,6 млрд теңге сомасына алды. Бұл – 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 39% көп. Белгіленген төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері 58 543 теңге болды.
МӘСҚ-тен жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға оның жұмыстан шығарылу себебіне қарамастан тағайындалады. Негізгі шарт – жұмыссыз ретінде тіркелу. Төлем мөлшері жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейінгі соңғы 2 жыл ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа, жүйеге қатысу өтіліне және табысты ауыстыру коэффициентіне (45%) байланысты.
Биылғы 3 айда бұл төлем 18,3 млрд теңге болып, оны 122,6 мың адам алды. Бұл 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы алушылар санынан 2 есе дерлік асып түсті. Өсім азаматтардың Электрондық үкімет және Электрондық еңбек биржасы порталдары, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы төлемге өтініштер берудің электрондық нысанына сұранысқа байланысты. Белгіленген төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері – 65 402 теңге.
Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем жүктілік және босану бойынша демалыстың барлық күндеріне тағайындалады.
Төлем мөлшері жүктілікке және босануға байланысты демалыс күніне дейінгі соңғы 12 айда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табысқа және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.
2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 65,8 мың болашақ ана жалпы сомасы 81,9 млрд теңге біржолғы төлемді алды. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 19% артық. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 460 282 теңге болды.
1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем баланың туған күнінен бастап, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға тағайындалады. Төлем мөлшері соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 40%-ы болды. Екі және одан да көп бала туған кезде төлем әрбір балаға жеке тағайындалады.
2024 жылдың 3 айында бұл төлем 67 мың адамға тағайындалды. Оның ай сайынғы орташа мөлшері 79 106 теңгеге жетті. Төлем 94,9 млрд теңге сомасына жүргізілді. Бұл – 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 1,8 есе көп.
Осылайша, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау жұмыс істемейтіндерге қарағанда әлдеқайда жоғары.