×

Өнімсіз делдалдар электрмен жабдықтау тізбегінен шығарылады

Олардың кесірінен баға негізсіз көтеріледі

 Динара Амантай 22.04.2024 | 13:22
Коллаж: Halyq Uni

Өнімсіз делдалдар электрмен жабдықтау тізбегінен шығарылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет басшысының экономиканы демонополизациялау және жасанды түрде құрылған делдалдық тізбектерді жою жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде Үкімет энергиямен жабдықтау нарығында тәртіп орнатуға кірісті. Басты мақсат – тұтынушылар үшін электр энергиясының түпкілікті құнын негізсіз көтеретін делдалдарды алып тастау.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша 1 сәуірден бастап нарықта 2004 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан және бизнес пен бірқатар бюджеттік ұйымдар үшін тарифтердің мөлшерін дербес белгілей алатын реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың жұмысы тоқтатылды. Бұл ретте талдау көрсеткендей, мұндай компаниялардың табыстылығы 1 кВт/сағ үшін шамамен 30-50% немесе 5-20 теңге болған. Реттелмейтін ЭЖҰ-дан түскен пайда энергетикалық жүйені жаңғыртуға пайдаланылмады.

Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданған «Жылу энергетикасы туралы» жаңа заң аясында өнімсіз делдалдарды жою жұмыстары жалғасатын болады. Электрмен жабдықтау нарығындағы қазіргі проблемаларды шешу үшін Үкімет бірінші кезеңде реттелмейтін ЭЖҰ қызметін шектеу туралы шешім қабылдады. Екінші кезеңде электрмен жабдықтау саласын өңірлік электр желілері компанияларына беру қарастырылады. Бұл электр энергиясының тарифіне жағымды әсер етеді.

Бұл шешім мынадай бірқатар оң өзгеріске әкеледі:

  • заңды тұлғалар үшін тарифтерді төмендету, тиісінше бизнеске жүктемені азайту, бұл халық үшін түпкілікті өнім бағасының тең шарттары мен төмендеуін қамтамасыз етеді;
  • бюджет қаражатын үнемдеуге алып келетін және үнемделген қаражатты әлеуметтік маңызы бар жобаларға бағыттауға мүмкіндік беретін бюджеттік ұйымдар үшін тарифті төмендету;
  • тұтынушылар үшін тарифке ең аз әсер ете отырып, энергетика секторына инвестицияларды ұлғайту.

Осындай жұмыстар өнімсіз делдалдар кесірінен бағаның негізсіз көтерілуі байқалатын өзге де салаларда жүргізілетін болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама