Армения Әзербайжанға бірнеше селоны қайтарып беруге келісті (ВИДЕО)
Баганыс Айрым, Ашагы Аскипар, Хейрымлы мен Гызылгаджилы ауылдары бойынша келісім жасалды
Армения Республикасы Әзербайжанға Газах ауданының құрамында болған 4 селоны қайтарып беруге келісті.
Әзербайжанның Баганыс Айрым, Ашагы Аскипар, Хейрымлы мен Гызылгаджилы ауылдары Қарабақ соғысы кезінде Арменияның құрамына қосылып, тиісінше Баганис, Воскепар, Киранц және Беркабер деп аталған болатын.
Енді елді мекендер екіжақты келіссөздің нәтижесінде Әзербайжанға қайтарылатын болып шешілді. Аталған ауылдар Әзербайжанға қайтарылған соң, 4 село учаскесіндегі мемлекеттік шекараны демаркациялау басталады.
Армения премьер-министрі Никол Пашинянның аппараты келісімнің себебін шекараны демаркациялау мен қауіпсіздікке байланысты жасалып отырғанымен түсіндірді. Екі жақ 15 мамырда шекара сызықтарының соңғы сипаты туралы хаттамаға қол қоюға тиіс.
Делимитация процесі КСРО тарағаннан кейін екі ел қол қойған 1991 жылғы Алматы декларациясының негізінде жүргізілетін болады. Құжат бұрынғы кеңестік республикалардың 1991 жылғы шекарасындағы территориялық тұтастығын сақтауды бекітіп берді.
Қазір екі мемлекеттің шекарасындағы жағдай бір қалыпты. Осы күндері Әзербайжандағы Қарабақ территориясынан Ресейдің бітімгер әскерлері біртіндеп әкетіліп жатыр.
Ресейдің бітімгерлері 2020 жылы қарашада 40 күнге созылған Қарабақ соғысынан кейін үшжақты келісім бойынша 5 жылға Таулы Қарабақтың территориясына бітімгерлік миссиясын атқару үшін кірген болатын.
Енді Әзербайжан мен Ресей тарапы 5 жыл уақытты күтпей, РФ-ның бітімгер әскерін Қарабақтан әкетуге келісімге келді. Қазір Қарабақ толығымен Әзербайжанға қайтырылған. Ал оның басшылары Баку қаласының уақытша тергеу изоляторына қамалып, сот шешімін күтіп отыр.