Балабақша мен бастауыш сынып балаларын үш тілде оқытудың қажеті жоқ – сенатор

Динара Амантай

Екі тіл 1-сыныпта 4-ақ елде, 2-сыныпта 5 елде, ал 4-сыныпта 12 елде ғана оқытылады

Фото: Halyq Uni

Бүгінгі Сенат отырысында Мұрат Бақтиярұлы Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдап, балабақша мен бастауыш сыныптарда үштілді оқыту жүйесін тоқтату қажеттігін айтты.

Сенатордың айтуынша, жастарымыз ағылшын тілін білуі керек, бірақ оны терең игеру еліміздегі 3,5 миллион оқушының барлығына бірдей қажет емес.

Балабақшадағы, 1-сыныптағы ойлау жүйесі әлі толық жетіліп қалыптаспаған, санасы үлбіреп тұрған қазақ сәбилеріне бірден үш тілді оқытудың қандай қажеті бар? Білімі мен ғылымы жоғары Жапония, Финляндия, Франция, Қытай 10 жасқа дейін балалаларын өзге тілде неге оқытпайды?, – деді депутат.

Сондай-ақ ол әлемнің озық 30 еліндегі білім беру жүйесін мысалға келтіріп, екі тіл 1-сыныпта 4-ақ елде, 2-сыныпта 5 елде, ал 4-сыныпта 12 елде ғана оқытылатыны айтты.

Ал Қазақстаннан басқа әлемнің бірде-бір мемлекетінде үш тіл мүлдем оқытылмайды. Демек, шет тілін білу – сауатты болудың басты көрсеткіші емес. Ол әлемнің білім-ғылымының биігін игеру үшін қажетті құрал. Ал шынайы сауаттылық – өмірді білу, өзің таңдаған кәсіпті терең игеру, қажетті дағдылар мен қабілеттерді қалыптастыру – бұл әр ұлттың тек өз тілімен ғана қалыптасатын өнеге, – деп мәлімдеді сенатор.

Еске сала кетсек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев та шет тілін оқытуды ата-аналардың қалауымен 5-сыныптан бастаған тиімді екенін айтқан болатын. Соны алға тартқан Мұрат Бақтиярұлы балабақшалар мен бастауыш сыныптардағы барлық пән тек ана тілінде оқытылуын қолға алу қажет деп есептейді.

Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдары білім саласы онсыз да ең көп реформаға ұшыраған. Мысалы, соңғы 5 жыл ішінде білім туралы заңға 29 өзгеріс пен толықтыру енгізілсе, мемлекеттік білім беру стандарты 7 рет өзгеріске ұшыраған.