Олимпиадаға академиялық ескек есуден алғашқы жолдама түсті
Лицензияны Владислав Яковлев алып берді
Қазақстан қоржынына академиялық ескек есуден Париж Олимпиадасының алғашқы жолдамасы түсті.
Оңтүстік Кореяның Чунджу қаласында өтіп жатқан Азия құрлығының лицензиялық жарысында Владислав Яковлев жекелей сында топ жарды. Ұлттық құраманың спортшысы 2 мың метрге жарыста негізгі қарсыласы Мемодан (Индонезия) жылдам болды.
Қазір Қазақстан құрамасының лицензия саны 46-ға жетті.
Кеше Олимпиадаға жолдаманы күрес түрлерінен Бішкек қаласында өтіп жатқан Азиялық лицензиялық турнирде 3 балуанымыз жеңіп алған болатын.
Айдос Сұлтанғали (66 келі), Демеу Жадыраев (77 келі) пен аса ауыр салмақтағы ұлттық құраманың балуаны Әлімхан Сыздықов Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алды.