Қазір елімізде 46 лицензия бар
Қырғызстаның Бішкек қаласында күрестен өтіп жатқан Азиялық лицензиялық турнирде Қазақстанның 3 балуаны Олимпиадаға жолдаманы жеңіп алды.
60 келі салмақ дәрежесінде Айдос Сұлтанғали жартылай финалда Қытайдың Тайпейінен келген спортшының жауырынын жерге тигізді. Отандасымыз ширек финалда Тәжікстан өкілі Асламджон Азизовтан 2:1 есебімен басым түскен.
Осыған дейін әлем чемпионатында екі мәрте қола медаль, Азия чемпионатында алтын жүлде алған Айдос Сұлтанғали алғаш рет Олимпиадада сынға түскелі тұр.
77 келі салмақтағы Демеу Жадыраев та Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Ол шешуші белдесуде Оңтүстік Корея спортшысымен күш сынасып, қарсыласына мүмкіндік берген жоқ.
Аса ауыр салмақтағы ұлттық құраманың балуаны Әлімхан Сыздықов та Олимпиаданың 46-жолдамасын алып берді. Балуан шешуші айқаста жарыс қожайыны Роман Кимнен басым түсті. Есеп 7:7 болғанмен, ұпай жағынан отандасымыз басымдыққа ие болды.
Грек-рим күресінен екі спортшымыз Бішкектегі турнирде Париж Олимпиадасының жолдамасын ала алмады.
Мейіржан Шермаханбет (67 келі) Киотаро Согабеден (Жапония) жеңіліп қалды. Ал Олжас Сырлыбай алғашқы айналымда тағы бір жапон балуаны Юри Наказатенің мықтылығын мойындады.