Тәулік бойы мамандар бақылау жүргізіп жүр
Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында Үлбі өзені көтеріліп, жолды су шайып жатыр.
Бұл ретте көтерілген су Степное ауылының арғы жағында орналасқан карьер жағасын және технологиялық жолды шайып жатыр.
Жолды су алғанмен, жергілікті тұрғын үйлерге қауіп төніп тұрған жоқ. Сондай-ақ бұл жол арқылы елді мекендерге көлік қатынамайтын. Су жағасы мен шайылған жол бөлігі су тасқыны кезеңі аяқталғаннан кейін қайта қалыпқа келтіріледі, - деп хабарлады ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Алтай ауданының Полянское ауылдық округінде Таволжанка өзенінің суы көтеріліп, Дородница ауылына апаратын жолдың бетіне шыққан. Алайда одан жоғары жерде орналасқан елді мекенге қауіп жоқ. Жол арқылы көлік қозғалысына шектеу қойылмады.
Екі жағдай бойынша да тәулік бойы мамандар бақылау жүргізіп жүр. Қазір арнайы техника және мамандар әзірленген, - делінген ақпаратта.