×

АҚШ Украинаға 61 млрд доллар бөлгелі жатыр

Байден сенаторларды заңды тезірек қол қоюға жіберуге үндеді

 Еркеғали Болатұлы 21.04.2024 | 10:50
фото: imghub.ru

АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы Украинаны қолдауға 61 миллиард доллар бөлу туралы заң жобасын мақұлдады. Енді оны Сенат мақұлдап, Джо Байден қол қоюы керек.

Жалпы сомасы 95 млрд доллардан астам әскери көмек қарастырылған заң жобасы Украинамен қатар, Вашингтонның одақтастары Израиль мен Тайваньға да көмек көрсетуді көздейді. Оны палата мүшелерінің 311-і жақтап, 112-сі қарсы дауыс берді.

Сонымен қатар, заң жобасында Украинаға 300 шақырымға дейінгі қашықтықтағы нысаналарды атуға қабілетті, ұзақ қашықтыққа ұшатын ATACMS зымырандарын беру қарастырылған. Сондай-ақ Киевке беру үшін тыйым салынған ресейлік активтерді тәркілеу де қарастырылған.

Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтондағы дауыс беру нәтижесін жылы қабылдап, «бұл мыңдаған адамды ажал аузынан аман алып қалады» деп мәлімдеді.

Заң жобасын Сенат қабылдап, президент Байденге жібереді деп үміттенеміз. Америка, рахмет! - деді Зеленский X желісінде.

Ақ үй басшысы сенаторларды заңды тезірек қол қоюға жіберуге үндеді. Ал Ресей Сыртқы істер министрлігі «АҚШ-тың Украина, Израиль және Тайваньға әскери көмек бөлуі жаһандық дағдарысты ушықтырады» деп мәлімдеді.

Киев режиміне әскери көмек – лаңкестік әрекеттерге тікелей демеушілік көрсету, Тайваньға көмек – Қытайдың ішкі істеріне араласу, Израильге көмек – аймақтағы бұрын-соңды болмаған шиеленістің күшеюіне тікелей жол, – деді Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Захарова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама