Бектенов дарынды жастарды қолдау шараларын күшейтуді тапсырды

Динара Амантай

Astana Hub қатысушылары үшін қолайлы экожүйе құрылды

Фото: t.me/KZgovernment

Олжас Бектенов Astana Hub стартап-жобаларымен танысып, дарынды жастарды қолдау шараларын күшейтуді тапсырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Премьер-министр Олжас Бектенов ЭКСПО павильонында болып, Astana Hub технопаркінің цифрлық инфрақұрылымын аралап, стартап-жобалармен танысты.

Үкімет басшысы Astana Hub инновациялық экожүйесін аралап көрді. Хабтың негізгі міндеттері – таланттарды тарту, оқыту, бизнесті дамытуға көмек көрсету және IT-технологиялар экспортын қолдау. Бүгінде мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған Tech Orda бағдарламасы сәтті іске асырылып жатыр. Оның мақсаты – 2025 жылға қарай 20 мың IT маманын даярлап шығару. Қазір 15 мыңнан астам студент оқуын аяқтап, 2 мың стартап-жоба іске қосылды.

Astana Hub қатысушылары үшін қолайлы экожүйе құрылды. Қазақстанда сатылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің айналымы бойынша КТС, ЖТС және қосылған құн салығын төлеуден босатуды көздейтін арнайы салық режимі түріндегі преференциялар қолданылады. Сондай-ақ IT-компаниялар жұмыс орындарымен және серіктестік бонустармен қамтамасыз етілген. Аталған мемлекеттік қолдау шараларының барлығы оларға үнемделген қаражатты жобаларды дамыту және ілгерілету үшін қайта инвестициялауға мүмкіндік береді. Бүгінде Astana Hub-та өткен жылы 400 млрд теңге табыс тапқан 1400 IT-компания бар.

Сондай-ақ Үкімет басшысы оқытушының қатысуынсыз және дәріссіз 01EduSystem Француз әдістемесі бойынша өзара оқыту қағидаттарына негізделген, Орталық Азиядағы алғашқы ALEM ІТ-бағдарламалау мектебіне барды. Оқу процесі дарынды студенттердің бір-бірімен жобалары мен өзара қарым-қатынасына негізделген. Қазір Alem-де жергілікті және халықаралық компаниялар мен стартаптарда жұмыс істейтін 900-ден астам түлек бар.

Премьер-министр сондай-ақ Astana Hub қатысушыларымен және NU ғылыми қызметкерлерімен кездесті, жасанды интеллект саласындағы бірқатар отандық әзірлемелермен танысып, ғылыми жобаларды коммерцияландыруды арттыру және экономиканың нақты секторымен ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылады.

Президент экономиканы цифрландыру шараларын күшейтуді және жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануды қамтамасыз ету міндетін нақты белгілеп берді. Мақсат – 2026 жылға қарай IT-қызметтер мен өнімдер экспортының жыл сайынғы көлемін кемінде $1 млрд деңгейінде қамтамасыз ету. Бүгінде бұл көрсеткіш $529 млн болды. Еліміз цифрландыру саласында үлкен жетістікке қол жеткізді. Отандық IT мамандарымыз үздіктер қатарында және біз оларға жаңа серпінді өнімдер жасауға, IT-шешімдердің экспортын жеделдетуге көмектесуіміз керек, — деді Олжас Бектенов.