×

Ақтөбеде қызды зорлап, 7-қабаттан итеріп жіберген адамға сот үкімі шықты

Одан 10 млн теңге өндірілді

 Динара Амантай 20.04.2024 | 13:08
Фото: Ақтөбе обл. сотының баспасөз қызметі

Жас қызды зорлап, 7 қабаттан құлатқан адамға сот үкімі шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында күш қолданып зорлау және басқа қылмысты жасыру мақсатымен адам өлтіру бойынша айыпталған азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта анықталғандай, 2023 жылдың 8 маусымында сотталушы Ақтөбе қаласындағы пәтерде  алкогольдік масаң күйде бола тұра жәбірленушіге күш қолданып, оны зорлаған. Содан соң, ол қылмысын жасыру мақсатында жәбірленушіні қасақана өлтіру ойы туындап, қызды үйдің 7-қабатынан итеріп жіберді. Жәбірленуші екі қолымен балконның ағаш жақтауына ілініп, құлап қалмауға тырысқан. Алайда сотталушы өзінің қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізу үшін жәбірленушінің қолдарынан белгісіз затпен ұрған. Алынған соққылардан кейін жәбірленуші саусақтарын ашып, жетінші қабаттың биігінен құлады. Сотталушының қасақана қылмыстық әрекеттердің салдарынан жәбірленуші қылмыс орнында қаза тапты.

Сотталушының кінәсі куәлардың, сарапшылардың жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, жауап алу хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен расталды.

Соттың үкімімен сотталушы А. кінәлі деп танылып, оған қылмыстық құқықбұзушылықтар жиынтығы негізінде 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушыдан жәбірленушілерге 10 млн теңге моралдық зиян өндірілді, – делінген сот хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама