×

Тұрғын үй мәселесін жедел шешудің нақты тетіктері әзірленді – министрлік

Баспана салуға кем дегенде 2,5 ай уақыт кетеді

 Дастан Жұмабекұлы 20.04.2024 | 12:21
Фото: gov.kz

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тасқын судан және еріген қардан зардап шегіп, баспанасыз қалған халықтың тұрғын үй мәселесін жедел шешудің нақты тетіктері әзірленді.

Ведомствоның хабарлауынша, қазір зардап шеккен халықтың баспана мәселесін шешу үшін су басқан үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Техникалық байқау қорытындысы негізінде жөндеу жұмыстарына әкімдік мердігерлері тартылады немесе үй иелері өтемақы есебінен өз үйлерін өз бетінше жөндеуге де мүмкіндік алады. Ал, егер үйді қалпына келтіру мүмкін болмаса, мемлекет бұл мәселені шешудің екі жолын ұсынады: жаңа тұрғын үй салу, сондай-ақ жылжымайтын мүлік нарығында дайын тұрғын үйді сатып алу. Сонымен қатар, азаматтардың баспананы өз бетінше таңдауға мүмкіндігі болады. Бұл жерде бекітілген стандартты жобадан аспайтын шығындардың лимиті бар.

ӨҚМ ресми өкілі Меруерт Ибраеваның айтуынша, су тасқыны орын алған аймақтардағы саяжай тұрғындары да, бұл олардың жалғыз үйі болса, назардан тыс қалмайды. Мүлік иелігін растайтын құжаттары сақталмаған жағдайда да мемлекет оларды баспанамен қамтамасыз етеді. Тұрғын үй құрылысы уәкілетті орган мен әкімдіктер бекіткен үлгілік жобаларды пайдалана отырып іске асырылады.

Тұрғын үй құжаттары болмаған жағдайда меншік құқығын «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, әлеуметтік қорғау, ішкі істер және денсаулық сақтау органдары растайды. Жаңа тұрғын үй салу үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі үш климаттық шағын аудан бойынша мынадай параметрлермен мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған типтік жобаларды әзірледі. Ауданы 80 шаршы метр бір отбасылық тұрғын үйді салу 1,5 ай,  көлемі 160 шаршы метр екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына 2,5 ай уақыт кетеді, – деді ол.

Қазір жобалар әкімдіктерге әрі қарай іске асыру үшін жіберіліп, жергілікті жерде қайта пайдалану үшін мемлекеттік сараптама порталында жарияланды. Жергілікті әкімдіктер жер телімдерін анықтап, дайындық жұмыстарын жүргізуде, яғни типтік жобаларды аумақпен байланыстыру жұмыстарын, сараптама жүргізуді бастайды. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрліктің басшылығымен 3 жедел топ құрылды. Оның құрамына салалық мемлекеттік органдардың вице-министрлері кірді. Жедел топтар су басқан аймақтарға барып, ол жердегі жағдаймен танысты. Жетекшілік ететін салалардағы объектілерді аралап, жан-жақты тексерді. Кәсіпкерлермен және құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесулер өткізді. Жүргізілген жұмыстарды халыққа жеткізуге тырысты, аймақтық жедел штабтармен жұмыс кеңестерін өткізді. Жедел штаб өкілдері Ақтөбе, ⁠Қостанай, БҚО, ⁠Атырау, Павлодар, ⁠Абай, ⁠Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарына барды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама