Қазақстанның барлық әуежайында жолаушылар биометриясы енгізілмек
E-freight ақпараттық жүйесі сәтті жұмыс істеп тұр
Қазақстанның барлық әуежайында жолаушылар биометриясы енгізілмек, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жүк авиатасымалдары саласындағы бизнес-процестерді оңтайландыру мақсатында E-freight ақпараттық жүйесі сәтті енгізіліп, жұмыс істеп тұр. Аталған платформаға барлық әуе компаниялары мен әуежайлар қосылған.
Электрондық рәсімдеу және жүктерді сүйемелдеу арқылы әуе жүк тасымалын ұйымдастыру кезіндегі уақытша шығындарды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік туды.
Жолаушылар тасымалы саласында электрондық билеттерді сатып алу, онлайн-брондау және цифрлық құжаттар қызметтерін пайдалану қалыпты құбылысқаь айналды. Ендігі кезекте цифрландырудың келесі қадамы рейске отырғызу кезінде жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру болуы тиіс. Бұл әуежайларда жолаушыларды отырғызу процесін бірнеше есе жеңілдетеді және тездетеді.
2023 жылы биометрия пилоттық жоба ретінде елордалық әуежайда енгізілді. Алдағы уақытта пилоттық жоба оң нәтижелерін көрсеткен болса, Қазақстанның барлық әуежайына енгізілетін болады.