Қазақстан мен Қырғызстан тарихи келісімге келді

Дастан Жұмабекұлы

Бұл құжатта одақтастық қарым-қатынастарды нығайту және кеңейту туралы мәселе кеңінен қамтылған

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайту мәселесін талқылады.

Ақордада Қырғызстан президентін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі болған соң, екі елдің мемлекет басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Қырғызстан президенті сапарының екі тарап үшін де мән-маңызы айрықша екенін атап өтті.

Бүгін біз одақтастық қарым-қатынастарды нығайту және кеңейту туралы тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз байланыстарының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін. Ел аузында «Қырғыз бен қазақтай бір-біріне жақын халық жоқ» деген сөз бар. Бұл – дұрыс айтылған тұжырым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның бұрын-соңды болмаған су тасқынымен күресіп жатқанын атап өтіп, осындай қиын-қыстау кезде гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қырғызстан президентіне және барша қырғыз халқына алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз қарым-қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Президенттің пікірінше, бұған белсенді саяси диалог, үкіметаралық және парламентаралық тығыз байланыстар ерекше серпін беріп отыр.

Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық жылдан-жылға нығайып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетті. Яғни 26 пайызға өсті. Алдағы мақсатымыз – алыс-беріс көлемін 2 миллиард долларға жеткізу. Сонымен қатар осы бағытта болашағы зор бірқатар жоба қолға алынды. Жалпы, сауда-экономикалық саладағы уағдаластықтар орындалып жатыр, – деді мемлекет басшысы.

Келіссөзде мәдени-гуманитарлық байланыстарға да назар аударылды

Өзара мәдениет күндерін өткізу игі дәстүрге айналды. Жастар арасындағы ықпалдастық күшейді. Білім беру саласында тәжірибе алмасып жатырмыз. Бүгін өзіңізбен бірге Астанада әйгілі Манасқа ескерткіш ашамыз. Осының бәрі қазақ-қырғыз қарым-қатынасының жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Біз оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз, – деді ол одан әрі.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекет арасындағы дәстүрлі достық пен тату көршілік ұстанымын нығайтуға Қырғызстан президентінің қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.

Садыр Жапаров қырғыз делегациясына қонақжайлылық танытқаны үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді.

Қазақстан біздің ең жақын көршіміз. Сыртқы саясатымызда ерекше артықшылықтарға ие болған бауырлас мемлекет әрі негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Екі ел арасында ешқандай саяси, аймақтық қайшылық жоқ. Мемлекет басшысы лауазымына келгелі бері қырғыз-қазақ қарым-қатынасы болсын, халықаралық құрылымдарда болсын, маған қолдау көрсетіп келесіз. Біз бауырлас қазақ халқына су тасқыны салдарынан туындаған қиын кезде қолдан келген көмекті беруге дайынбыз. Екі елді ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық, бауырластық, тату көршілік байланыстар, сондай-ақ ортақ мәдени, рухани және діни құндылықтар біріктіреді. Өзара ынтымақтастығымыз бен стратегиялық серіктестігіміздің одан әрі нығая беретініне сенімдімін, – деді Садыр Жапаров.

Келіссөзде тараптар саяси, көлік-транзиттік, энергетикалық салалардағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелерін де талқылады. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібін қарастырды.

Одан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің отырысына қатысты.

Екі ел басшыларының төрағалығымен Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алтыншы отырысы өтті. Мемлекет басшысы қазақ-қырғыз қатынастары стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқанын атап өтті.

Біз одақтастық байланысты нығайтуды қолға алдық. Бүгін біз тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз қатынастарының дамуына тың серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан біз бұл келісімге үлкен үміт артып отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, ынта-жігеріміз де жеткілікті. Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысы ынтымақтастық аясын кеңейтуге жол ашады деп санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүгінгі отырыста екі ел ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланатынын айтты.

Уақыт сынағынан өткен ықпалдастығымыздың болашағы зор екеніне кәміл сенемін. Бұл бағытта бір кісідей күш жұмылдыруымыз қажет. Осы орайда Жоғары мемлекетаралық кеңестің жұмысы қазақ-қырғыз қарым-қатынастарын дамытуға ерекше серпін беретініне сенімдімін, – деді мемлекет басшысы.

Қырғызстан президенті сан алуан бағыт бойынша серіктестікті одан әрі нығайту маңызды екенін жеткізді

Бүгінгі іс-шара қырғыз-қазақ қатынастарын одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп ойлаймын. Келіссөздердің дәстүрлі одақтастық және стратегиялық байланыс рухында өтіп жатқаны қуантады. Қырғызстан Қазақстанмен екіжақты байланыстарды тереңдетуге бағытталған сыртқы саясат жүргізіп отыр. Бір-бірімізді қолдап, келешекті ойлап, барлық мәселені бірлесіп шешкен дұрыс деп санаймын. Қырғызстанның атқарушы билік органдары екі ел арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңестің шешімдерін іске асыру үшін тиісті шараларды жүзеге асырып жатыр. Бүгінгі кездесулеріміз екі елдің өзара ынтықмақтастығына тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Садыр Жапаров.

Президенттер бүгінгі талқылаулардың табысты болғанын, екіжақты ықпалдастықтың басымдықтары мен алдағы міндеттері айқындалғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қатынастарды мүлде жаңа деңгейге көтеруге өзара ниетті екенін айтты. Сонымен қатар жиын барысында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Жиында Қазақстан жағынан премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин, көлік министрі Марат Қарабаев, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, энергетика министрінің бірінші орынбасары Назгүл Усенова,  мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қырғызстан тарапынан Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Адылбек Касымалиев, Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының бірінші орынбасары – Шекара қызметінің директоры Уларбек Шаршеев, су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеуші өнеркәсіп министрінің орынбасары Алмазбек Сокеев, мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Максутов сөз сөйледі.