Джо Байден Украинаның агрессияны тоқтата алатынын айтты
АҚШ Украинаға қару-жарақ пен оқ-дәрілерін беретін болды
АҚШ Украинаға біршама жетілдірілген ракета жүйелері мен оның оқ-дәрілерін беретін болды. Бұл туралы АҚШ президенті Джо Байден мәлімдеді.
Ол «The New York Times» газетінде жариялаған мақаласында Ақ үйдің Украинаға қорғану үшін мейлінше қару-жарақпен қамтамасыз ететінін айтты.
АҚШ демократиялы, тәуелсіз, егемен және гүлденген Украинаның агрессияны тоқтата алатынын көріп отыр. Біз Украинадағы соғыс майданында Ресей әскерінің қаруын дәл көздеп, жаудың көзін жою үшін украиндарға біршама жетілдірілген ракета жүйелері мен оның оқ-дәрілерін береміз, – деді Байден.
Оның айтуынша, АҚШ Украинаға қазіргі заманғы қаруларды беруді жалғастырады. Олардың қатарында танкіге қарсы Javelin ракеталары, Stinger зенит ракетасы, күшті артиллериялық және жоғары дәлдікті ракета кешендері, радарлар, пилотсыз ұшу аппараттары, Ми-17 тікұшақтары мен оқ-дәрілер бар.
АҚШ сондай-ақ, Украинаға қаржылай көмек түрінде тағы миллиардтаған ақша жібереді. Бұған Конгресс өзінің рұқсатын берді.