Елімізге Түркиядан контрабандамен айналысқан күдікті жеткізілді

Дастан Жұмабекұлы

Ол 56 млн теңгеден астам сома залал келтірген

Фото: polisia.kz

Елімізге Түркиядан экономикалық контрабандамен айналысқан күдікті жеткізілді.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, Ішкі істер министрлігі Интерпол ҰОБ-ның сұрауы бойынша түрік әріптестерімен бірігіп, ҰҚК және Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен «қызыл бюллетень» бойынша халықаралық іздеуде жүрген ер адамды ұстады.

Ол өзінің заңсыз іс-әрекеттерімен 56 млн теңгеден астам сома залал келтірді. Күдікті мен оның сыбайластары 2017 жылы Қазақстан Республикасының аумағынан Түркия Республикасына бағалы металл – алтынды заңсыз әкеткен.

Қазір ер адам депортацияланып, Алматыда қамауға алынды. Ол көліктегі полиция департаментінің бастамасымен ұсталған.