Halyq Uni логотип
×

«Төртінші әйелі болдым»: Мөлдір Әуелбекова жеке өмірі туралы айтты

Әнші екінші күйеуімен карантин кезінде танысып, бір аптаның ішінде тұрмыс құруға шешім қабылдаған

 Халық үні 18.04.2024 | 20:15
«Төртінші әйелі болдым»: Мөлдір Әуелбекова жеке өмірі туралы айтты
Фото: paryz.kz

Танымал әнші Мөлдір Әуелбекова жеке өмірі туралы бүкпесіз «Мамский әңгіме» подкастында айтты.

Өнер иесі екі рет тұрмыс құрып, ажырасқан. Салтай есімді ұл мен Айша есімді қыз тәрбиелеп отыр. 

2015 жылы тұңғышымды дүниеге әкелдім. Ол кезде 30 жаста едім. 3 сағаттың ішінде баламды қолыма алдым. 3 күннен кейін перзентханадан шықтым. Бәрі табиғи жолмен болды. Бірақ омырау сүтін беруден өте қатты қиналдым. Дене қызуым көтеріліп кете берді. Екі балам да қатты жылады. Тынымсыз болатын. Ол маған әсер етті. Жүйкем тозып, қатты салмақ тастадым. Бойым – 172 см, салмағым – 49 келі болды. 5 айлық болғанда әкесі тастап кетті. Негізі, айтқым келмейді. Бізді де ене мен келін тақырыбы айналып өтпеді. Одан кейін ерлі-зайыпты болсақ та, екі қалада өмір сүрдік. Ол – Көкшетауда, мен – Астанада болдым. Қазір біраз уақыт өтіп кетті. Ол кісінің де жеке өмірі бар. Сондықтан өткенге оралғым келмейді, – деп қысқа қайырды өнер иесі. 

Әнші екінші күйеуімен карантин кезінде танысып, бір аптаның ішінде тұрмыс құруға шешім қабылдағанын айтады.

«Екі некемді де сәтсіз деп айтпаймын. Тағдырыма ризамын. Екі балам бар. Тәтті қызым бар. Қызымның әкесімен пандемия кезінде таныстық. Ол кезде намаз оқып, жүрегінде иманы бар жігітті жолықтырсам деп ойладым. Баламның әкесі діннен алыс еді. Намазхан болу – жігітке қоятын бірінші талабым. «Маған ешқандай жамандық жасамайды, баласын тастамайды» деп ойладым. Шариғат бойынша тұрмысқа шықтым. Имамды да үйге шақырып, неке қидырдық. Күйеуімнің артында тұрып, намаз оқу – арманым еді. 20 жылдан бері танитын досымыз араласып, нөмер алмастырып, жеңгетайлық жасады. Қажылыққа бірнеше рет барған деген сөзіне сендім. Балама көзқарасы жақсы болды. Қызын да әлі күнге дейін іздеп отырады. Сөйтіп, әкемнің алдынан өтіп, мені баламмен бірге алып кетті. Бірақ отбасылық өміріміз ұзаққа созылмады. Қызыма 8 айлық жүктілігімде кетіп қалдым. Ол жерде ұлым екеуіміз жалғыз қалдық. Мен күйеуімді дұрыс танымай шығыппын. Ол туралы ақпарат іздегенде де маған жалған мәлімет келген. Сөздің шыны керек, төртінші әйелі екенімді білдім. Содан күйзеліске түстім. Күйеуім өзінің отбасы мен бала-шағасына кетіп қалады. Мен баламмен жалғыз қалдым. Әке-шешемді жерге қараттым деп ойладым. Тіпті, суицидке баруға да қадам жасадым. 16 қабаттан секіріп кеткім келді. Үйге «Назар» тобымдағы Еркежан келіп қалып, ойымды бөліп жіберді. Заңды неке болмады. Мұның бәрін не үшін айтып жатырмын, басқа қыздарға да сабақ болсын деп жасырмай отырмын», – деп жан сырын ақтарды өнер иесі.  

Серіктес жаңалықтары

Сараптама