Қазақстан компаниялары 2016 жылы «қара тізімнен» шықты
Биыл 1 маусымда Еуропалық комиссияның ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитеті Қазақстанның авиациялық билігі мен қазақстандық әуе тасымалдаушылардың Еуропаға ұшуына қатысты ресми шешімін жариялады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қазақстандық әуе компаниялар Еуропаның «қара тізіміне» енбейтінін айтты, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Министр Еуропаның 27 мемлекеті қазақстандық әуе компаниялар шектеу қоймайтыны жайында шешім қабылдағанын атап өтті.
«Еуропалық сарапшылар Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігі саласында қалыптасқан ахуал мен осы тұрғыда соңғы 3 жылда ел Үкіметі тарапынан қабылданған шараларды оң бағалады. Әрине, біз бұны үлкен жетістік деп санаймыз. Оған себеп те жоқ емес. Еуропа мамандары тарапынан оң баға алу үшін көп күш-жігер жұмсалып, кешенді жұмыстар қолға алынды», – деді Қайырбек Өскенбаев.
Ведомство басшысы бұған дейін Қазақстанның «қара тізімде» болғанын да еске салды. 2009 жылы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы тарапынан жүргізілген аудит нәтижесінде еліміздегі әуе тасымалы саласында ХААҰ талаптарының сақталу көрсеткіші төмен екендігі анықталды. Осыған байланысты Еурокомиссия Air Astana компаниясынан өзге қазақстандық әуе тасымалдаушыларға Еуропа елдеріне ұшуға тыйым салған.
Туындаған жағдайдан шығу үшін 7 жылдай уақыт керек болды. 2016 жылы шектеулер алынып тасталғаннан кейін осындай олқылықтардың алдағы уақытта қайталанбас үшін ИИДМ өте ауқымды жұмыстар жасады, – деді министр.
Еске салайық, 2009 жылы Еуропалық комиссияның ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитеті қазақстандық авиатасымалдаушыларды «қара тізімге» енгізу туралы шешім қабылдады. 2016 жылдың желтоқсанында Еурокомиссия ресми түрде қазақстандық әуе компаниялардың Еуропаға ұшуына қатысты шектеуді алып тастап, отандық компаниялар «қара тізімнен» шығарылды.